
Абай облысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ержан Ақбаев мәлімдеді.
Ержан Ақбаевтың айтуынша, 15 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында облыста "Назар аударыңыз, балалар!" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
– Балалардың қараусыз қалуы мен жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында 167 рейд өткізілді. Оның 78-і терезеден құлау жағдайларының алдын алуға, 89-ы су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталды, — деді Ержан Ақбаев.
Сонымен қатар әлеуметтік осал отбасылармен 36 профилактикалық іс-шара өткізіліп, өмірлік қиын жағдайға тап болған 4 бала анықталды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша 6 шара, ал жасөспірімдер арасында есірткі қылмысының алдын алу бағытында 9 іс-шара ұйымдастырылды.
Профилактикалық рейдтер барысында ішкі істер органдарына 609 кәмелетке толмаған жеткізілді. Оның 32-сі қараусыз және панасыз жүргені үшін, 1 жасөспірім қылмыс жасауына байланысты жеткізілген. Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 576 кәмелетке толмаған анықталды.
Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі балалардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болуына қатысты болып тұр. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы бойынша 550 фактінің жолы кесілді. Оның 541-і сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін тұрғынжайдан тыс жерде болса, 9-ы түнгі уақытта ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз жүрген.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарына іргелес аумақтардағы жол қауіпсіздігі тексеріліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша 109 нұсқама енгізілді.