
Жамбыл облысында есірткі қылмыстарының алдын алуға және жасөспірімдердің өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған "Жастар есірткіге қарсы" профилактикалық акциясы өтті.
Іс-шара облыстық "Мөлдір бұлақ" оқу-сауықтыру орталығында ұйымдастырылды. Оған Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Кинологиялық орталығының қызметкерлері, облыстық прокуратураның, "Жастар ресурстық орталығы" КММ өкілдері және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері қатысты.
Шара барысында мектеп оқушыларына есірткі заттарын қолданудың қауіпті салдары түсіндіріліп, оларды насихаттау, жарнамалау, өткізу және тарату үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар тақырыпты кеңінен түсіндіру мақсатында бейнероликтер көрсетілді.
Оқушылардың ерекше қызығушылығын кинологтар мен олардың қызметтік иттері тудырды. Арнайы дайындықтан өткен төрт аяқты көмекшілер есірткі заттарын анықтау және шартты құқық бұзушыны ұстау кезінде қолданылатын дағдыларын көрсетті.
Көрсетілім барысында балалар қызметтік иттердің жұмысымен жақынырақ танысып, кинолог мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Акция соңында оқушылар полицияның төрт аяқты көмекшілерімен естелік суретке түсті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың есірткінің зияны туралы білімін арттырып қана қоймай, құқыққа қайшы әрекеттерге деген теріс көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Салауатты болашақ – бүгінгі дұрыс таңдаудан басталады.