
ШҚО-да учаскелік инспектор тағы бір азаматқа көмек көрсетті.
Алматы – Өскемен тасжолының 23-шағын ауданы маңында Ұлан ауданының учаскелік полиция инспекторы Нұрдәулет Тетепов жол-жөнекей көлік тоқтатуға тырысып тұрған, арқасында үлкен сөмкесі бар жігітті байқаған. Полицей тоқтап, оған қандай да бір көмек қажет пе екенін сұраған.
Жолаушы 23 жастағы АҚШ азаматы Спенсер болып шықты. Ол Қазақстанды автостоппен аралап, Алматы бағытына жол тартып келе жатқан.
Учаскелік инспектор оған стационарлық полиция бекетіне дейін жеткізіп салуды ұсынған. Жол бойы олар әңгімелесіп, Спенсер Қазақстанға саяхаттап келгеніне қуанышты екенін жеткізген. Ол әсіресе жергілікті тұрғындардың қонақжайлығы мен ақжарқындығын атап өткен.
Бекетке келген соң Нұрдәулет Тетепов саяхатшыға әрі қарай жолай көлік табуға көмектескен. Көп ұзамай бір жүргізуші Спенсерді Жарма ауданына дейін жеткізіп салуға келіскен. Осы жерден америкалық азамат саяхатын Алматы бағытына қарай жалғастырған.
Полиция қызметі — тек құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету емес, сонымен қатар қиын жағдайға тап болған азаматқа дер кезінде қолдау көрсету. Нұрдәулет Тетеповтің соңғы күндердегі әрекеттері осыны тағы бір аңғартты.
Еске сала кетейік, 20 тамызда Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде Нұрдәулет Тетепов құбырды тазалау кезінде есінен танып қалған екі жұмысшыны құтқару үшін кәріз құдығына түскен еді. Өз қауіпсіздігін ойламай, ол екі жұмысшының да сыртқа шығуына көмектесіп, оларды жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.
Бұл оқиғалар полиция қызметкерлерінің кез келген жағдайда азаматтардың жанынан табылып, қажет кезде көмек көрсетуге дайын екенін тағы бір мәрте көрсетті.