"Мүмкін, демалып алғаныңыз дұрыс шығар?": қазақстандықтар полицияның жолдағы қамқорлығы туралы айтып берді

"Мүмкін, демалып алғаныңыз дұрыс шығар?": қазақстандықтар полицияның жолдағы қамқорлығы туралы айтып берді

     Қарағанды қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде жол бойында полиция қызметкерлерінің көрсеткен қамқорлығы туралы айтып, олардың жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне мұқият қарайтынын атап өтті.

     Бейнежазбадан патрульдік полиция қызметкерлерінің жүргізушіні тоқтатып, оның жағдайын сұрағанын байқауға болады.

— Мұндайды мүлде күтпедім. Полиция қызметкерлері тоқтатты, жанында жедел жәрдем көлігі тұрды. “Шаршамадыңыз ба, алысқа барасыз ба? Демалып алғаныңыз дұрыс болар” деді. Көзімнің қызарғанын көріп, бұлай жолға шықпау керектігін ескертті, – дейді жүргізуші.

     Полицейлер оның өзін қалай сезініп тұрғанын сұрап, қан қысымын өлшеген. Сондай-ақ су беріп, ұзақ жолға шыққан кезде қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын еске салған.

     Патрульдік полицияның мәліметінше, бұл жағдай 16 тамыз күні Астана – Атбасар – Жақсы автожолының 257-шақырымында болған.

     Ауа температурасы жоғарылаған кезеңде республикалық маңызы бар жолдарда профилактикалық жұмыстар күшейтілген. Полицейлер медицина қызметкерлері және жол ұйымдарының мамандарымен бірлесіп, жүргізушілердің жағдайын бақылауға алды.

     Аптап ыстық, шаршау және көлік тізгінінде ұзақ уақыт отыру адамның денсаулығы мен зейініне кері әсер етуі мүмкін. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының орын алу қаупін арттырады. 

     Сонымен қатар жанармай құю станциялары бір-бірінен алшақ орналасқан трассалардың жекелеген учаскелерінде полицейлер жүргізушілерге жанармай қорын алдын ала толықтырып алудың маңызын ескертеді.

     Әсіресе таңатар кезде ерекше назар аударылуда. Өйткені осы кезеңде шаршау салдарынан жүргізушінің рөлде ұйықтап кету қаупі артады.

     Жол қозғалысына қатысушылар қиын жағдайға тап болған кезде көмек көрсету – патрульдік полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері түрлі қиындықтарға немесе күтпеген жағдайларға тап болған 4 мыңнан астам азаматқа көмек көрсеткен.

     Кейде қауіптің алдын алу үшін бірнеше минуттық назардың өзі жеткілікті. Жол бойында тоқтап, жүргізушінің жағдайын сұрау, су ұсыну және шаршаған күйде көлік жүргізудің қауіпті екенін дер кезінде ескерту – адам өмірін сақтап қалуға сеп болатын қарапайым, бірақ маңызды әрекеттер.

     Қауіпсіздік жолдағы тәртіптен ғана емес, бір-бірімізге деген қамқорлықтан да басталады.