Балқаштағы таза жағалау – ортақ қауіпсіздік пен жауапкершіліктің көрінісі

Балқаштағы таза жағалау – ортақ қауіпсіздік пен жауапкершіліктің көрінісі

     Балқаш көлінің жағалауында "Заң мен тәртіп" идеологемасы мен "Таза Қазақстан" жалпыұлттық бастамасын жүзеге асыруға бағытталған "Қауіпсіз жағалау" акциясы өтті. Іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру.

     Акцияға полиция қызметкерлері, прокуратура, төтенше жағдайлар қызметі жұмылып, жағалауда қауіпсіздік шараларын күшейтті. Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бақылап, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау, балаларды қараусыз қалдырмау және құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

     Шара "Таза Қазақстан" бастамасымен ұштасып, жағалауда ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Оған 70-тен астам адам қатысып, демалыс аймағын қоқыстан тазартуға өз үлесін қосты. Полиция қызметкерлері де тазалық жұмыстарына белсенді қатысып, табиғатты қорғау мен қоғамдық тәртіптің өзара тығыз байланысты екенін көрсетті.

     Тазалық – тек қоршаған ортаны қорғау емес, ол қоғамдық мәдениет пен ортақ жауапкершіліктің белгісі. Қауіпсіз әрі таза жағалау жасау – мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.