Ақтөбеде полицейлер балаларға арналған танымдық шара ұйымдастырды

Ақтөбеде полицейлер балаларға арналған танымдық шара ұйымдастырды

     Жазғы демалыс кезінде Ақтөбе қаласында полиция қызметкерлері кішкентай көрермендер үшін әсерлі шара өткізді.

     Абай Құнанбайұлының шығармашылығына орайластырылған шара аясында “Өнер орталығы” ғимаратында балаларға концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Мұнда Абай  шығармаларымен қатар, патриоттық әндер шырқалып, кішкентай көрермендердің қошеметін тудырды.

     Полицейлер қатысушыларға Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы ғана емес, армандай білу, мақсатқа ұмтылу, Заң мен тәртіпті сақтаудың маңызы туралы да айтып берді.

     Концерттік бағдарламадан соң полицейлер балаларды Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейіне саяхатқа апарды. Музейдегі ежелгі жан-жануарлар мен құстардың шынайы мүсіндері балаларға ұмытылмас әсер қалдырды. Олар музей қызметкерлері мен полицейлерге жарыса сұрақтар қойып, қызығушылықтарын көпке дейін баса алмады. Ағаш үйлер мен тарихи жәдігерлер, тарихи тұлғалардың мүсіндері мен қару-жарақтары да саяхатшыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.

     Іс-шара соңында балаларға тәттілер таратылып, жағымды әсер қалдырды.