
Сауран ауданда Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру шарасы өтті.
Жиынға 300-ге жуық тұрғын қатысып, оларға интернет алаяқтарының кең таралған тәсілдері, күмәнді қоңыраулар мен жалған хабарламаларды ажырату жолдары түсіндірілді.
Шара барысында дінтанушы-психолог Нұрлан Байжігітұлы тұрғындармен кездесіп, алаяқтардың арбауына түспеу, жеке мәліметтерді, банк картасының деректері мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеу қажеттігін ескертті.
Қатысушыларға интернет қауіпсіздігі бойынша бейнероликтер көрсетіліп, ақпараттық жадынамалар таратылды.
Полиция азаматтарды бейтаныс адамдардың қоңырауларына сақтықпен қарап, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және қаржылық операциялар кезінде қырағылық танытуға шақырады.