
“Заң және тәртіп” қағидатын іске асыру аясында Ұлытау облысының полиция департаменті кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тұрақты негізде профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Полиция қызметкерлері балалардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта қоғамдық орындарда болуына ерекше назар аударады.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген 1146 фактісін анықтады. Аталған деректердің барлығы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін, ал тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін болуы ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің жауапкершілігіне әкеп соғады.
Осыған байланысты полиция ата-аналарды балалардың орналасқан жерін, әсіресе кешкі және түнгі уақытта, тұрақты бақылауға алуға, олардың кімдермен араласатынына көңіл бөлуге және қараусыз қалдырмауға шақырады.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ықтимал келеңсіз жағдайлардың алдын алу – баршамызға ортақ міндет. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.