
Түркістан облысында "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру аясында педагог-психологтардың тамыз кеңесінде "Психологиялық қолдау: бүгінгі міндет – ертеңгі нәтиже" тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараға Түркістан облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ермек Усербаев қатысты.
Кездесу барысында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, суицидтік мінез-құлыққа жол бермеу, балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығын қорғау және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар ата-аналарға балалардың телефонды пайдалануын бақылауға мүмкіндік беретін Google Family Link қосымшасын орнату ұсынылды.
Қабылданып жатқан профилактикалық шаралардың, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру жұмыстарының нәтижесінде жыл басынан бері кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны 7,2 пайызға төмендеген.
Кездесу барысында заң талаптарын сақтау мен құқықтық жауапкершіліктің маңызы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, есірткінің жасөспірімдердің денсаулығы мен болашағына кері әсері, олардың психологиялық саулығын сақтау, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар өскелең ұрпақ үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызын атап өтті. Бұл ретте отбасы, білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты одан әрі нығайту, құқықтық мәдениетті арттыру және заңға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру басты міндеттердің бірі екені айтылды.