
Ақтөбе облысының Ойыл ауданындағы Көптоғай ауылдық округінің тұрғындары учаскелік полиция инспекторы Дастан Бисебаевты жақсы біледі. Көптоғай, Шұбарши, Амангелді және Қарасу ауылдарында тұратын 2 мыңға жуық тұрғын оны елдің тыныштығын күзетіп қана қоймай, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асатын, қиын сәтте жанынан табылатын жанашыр азамат ретінде құрметтейді. Тіпті ауыл тұрғындары өз ризашылықтарын өлең жолдарымен де жеткізген.
Полиция қызметкері Дастан Бисебаев қызмет ететін аумақта құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше мән береді. Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі – төрт түлік болғандықтан, мал қауіпсіздігі де оның тұрақты назарында. Учаскелік инспектор мал ұрлығына қатысты қылмыстардың алдын алып, күдіктілерді анықтауға бірнеше рет үлес қосқан.
Жуырда полиция қызметкері бірнеше тәулік бойы екі күдіктіні бақылап, оларды далада жылқы сойып жатқан жерінен ұстаған. Тергеу барысында жылқының Амангелді ауылының тұрғынына тиесілі екені анықталды. Сот шешімімен қылмыс жасағандар тиісті жазасын алды.
– Мал ұрлығына барғандардың арасында тепсе темір үзетін жас жігіттердің болуы қынжылтады. Жастардың оңай олжаға ұмтылмай, адал еңбек етіп, өз мақсаттарына жетуіне ықпал етуіміз керек, – дейді Дастан Бисебаев.
Учаскелік инспектор ауыл жастарымен де тығыз байланыс орнатқан. Жастар оны қамқор аға тұтып, түрлі мәселелер бойынша кеңес алады. Олардың спорт алаңын жарықтандыру туралы өтінішін шешуге атсалысып, биыл "Туған елге тағзым" тақырыбында спорттық турнир ұйымдастыруға бастамашы болған. Сонымен қатар жастарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсетіп келеді.
Дастанның қайырымдылық істері де ауыл тұрғындарына жақсы таныс. Ол қарттарға отын-шөп түсіруге, мұқтаж отбасыларға құрылыс жұмыстарына көмектеседі. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларына киім-кешек пен оқу құралдарын өз қаражатына алып береді. Бес баланың әкесі Дастанның бұл игі бастамаларын жары Анаргүл де қолдайды.
Алайда ауыл тұрғындарының жадында Дастан Бисебаевтың ерекше сақталған еңбегі – 2024 жылғы су тасқыны кезіндегі қызметі.
Қаратоғай ауылдық округіне су басу қаупі төнген алғашқы сәттен бастап ол тұрғындарды эвакуациялауға, бөгеттерді қорғауға және құтқару жұмыстарына белсене қатысты. Тіпті түн ортасында бөгет жарылған кезде де кейін шегінбей, бірнеше тәулік бойы тасқын сумен арпалысып, ауылды қорғау жұмыстарының бел ортасында жүрді.
– Қызыл сумен бірнеше тәулік алысып, ауылымызды аман алып қалғанымыз – халықтың ауызбіршілігі мен Дастанның еңбегінің арқасы, – деп еске алады ауыл тұрғындары.
Тәулік бойы етігімен су кешіп жүрген сақшының денсаулығына алаңдағандарға оның: "Денсаулық түзелер, ауылды құтқаруымыз керек", – деген сөзі ерекше жігер берген.
Ел басына күн туған қиын сәтте ауыл тұрғындарымен бірге болған полицейге жұртшылық жүрекжарды алғысын өлеңмен де жеткізген:
"Сыйластығы кей адамның – артық болар достан да,
Өз атымнан мың алғыс – учаскелік Дастанға.
Аямайды көмегін, туыс, мейлі жатсың ба,
Жұмылдыра білген халықты – кешегі болған тасқында.
Тағы бір ауыл тұрғыны:
- Ел басына күн туғанда – етігіңмен су кештің, Су тасқыны, тілсіз жауда – халқыңменен бірлестің, - деп жырлаған.
Мұндай ақжарма алғысқа толы өлеңдер аз емес. Алайда Дастан Бисебаев өзінің еңбегін ерекше ерлік деп санамайды.
– Бұл менің ғана еңбегім емес. Ең бастысы – халықтың ауызбіршілігі мен ортақ күш-жігері. Біз сол бірліктің арқасында қиындықты еңсердік, – дейді ол.
Бүгінде көпбалалы әке Дастан Бисебаевтың тұңғыш қызы Индира да әке жолын таңдаған. Ол Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясында білім алып жатыр.
Халықтың сеніміне ие болу – учаскелік инспектор үшін ең үлкен марапат. Ал ауыл тұрғындарының Дастанға арнаған жырлары оның ел алдындағы еңбегінің шынайы бағасы болса керек.