Сталкинг – махаббат емес: Абай облысында 9 адам сотталды

Сталкинг – махаббат емес: Абай облысында 9 адам сотталды

     Абай облысында жыл басынан бері сталкинг дерегі бойынша 9 адамға қатысты сот үкімі шықты. Полиция департаменті адамның жеке шекарасын бұзу, қайта-қайта хабарласу, соңынан аңду және бақылау заңмен жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.

     "Мен жай ғана сөйлескім келді", "Оның назарын аударғым келді", "Менің ешқандай жаман ойым болған жоқ" – сталкингке барған адам өз әрекетін осылай ақтауы мүмкін. Алайда адамның "жоқ" деген жауабы – оның жеке шекарасының айқын белгісі. Оны құрметтеу – қалыпты қарым-қатынастың негізгі қағидаларының бірі.

     Сталкинг – адамның келісімінсіз оның соңынан аңду, әлеуметтік желілер арқылы қайта-қайта хабарласу, қоңырау шалу, бақылау немесе қажетсіз кездесулер ұйымдастыру арқылы жеке кеңістігін жүйелі түрде бұзу. Сырт көзге мұндай әрекеттер "жай ғана қызығушылық" болып көрінуі мүмкін. Ал жәбірленуші үшін бұл тұрақты мазасыздыққа, қорқыныш пен психологиялық қысымға әкелетін жағымсыз жағдай.

     Осы мәселенің алдын алып, қоғамға сталкингтің қауіптілігін түсіндіру мақсатында Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері арнайы бейнеролик әзірледі.

     Бейнероликте сталкер өз әрекетін "зиянсыз қарым-қатынас" ретінде көрсетуге тырысады. Алайда адамның еркін таңдауын елемеу, оның соңынан қалмау және жеке шекарасын қайта-қайта бұзу – қалыпты қарым-қатынас емес.

     Бұл – адамның жеке еркіндігі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қудалау әрекеті.

     Абай облысында жыл басынан бері сталкинг дерегі бойынша 9 адамға қатысты сот үкімі шыққан. Бұл мұндай әрекеттің жай ғана "мазалау" емес, заң алдында жауапкершілікке әкеп соғатын құқық бұзушылық екенін көрсетеді.

     Полиция азаматтарды өзгенің жеке шекарасы мен еркін таңдауын құрметтеуге шақырады. Біреудің "жоқ" деген жауабын қабылдау – әлсіздік емес, керісінше, адамға деген құрметтің белгісі.