Полиция балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді

Полиция балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді

     Алматы облысындағы "Өрнек" лагерінде 70 баланың қатысуымен "Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі" тақырыбында профилактикалық іс-шара өтті. Балаларға жолдағы, судағы және интернеттегі қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылды.

     "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру мақсатында Ішкі істер министрінің бастамасымен 2026 жыл "Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі" жылы болып жарияланды. Осыған орай еліміздің өңірлерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде өткізілуде.

     Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында әкімшілік полиция комитетінің ұйымдастыруымен Алматы облысындағы "Өрнек" лагерінде балаларға арналған профилактикалық іс-шара өтті.

     Шараға әкімшілік полиция комитетінің арнайы өкілі Ботакөз Жалекешова, Алматы қаласы ПД қызметкерлері, прокуратура өкілдері, Білім басқармасының басшылығы мен қызметкерлері, Қызыл Жарты Ай қоғамының еріктілері, қазақстандық актер Нұржан Садубеков және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

     Профилактикалық іс-шараға лагерьде демалып жатқан 70 бала қатысты.

     Шара барысында балаларға қауіпсіздік пен құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған бес тақырыптық бағыт бойынша арнайы бағдарлама ұсынылды. Балалар қауіпсіздік және құқықтық сауаттылық тақырыптарындағы қойылымдарды тамашалап, сұрақ-жауап кезеңіне белсенді қатысты. Бағдарламаның бір бағыты аясында практикалық тапсырмалар орындалып, балалар өз білімдері мен дағдыларын көрсетті.

     Қатысушыларға жол жүру ережелерін сақтау, әлеуметтік желілерде қауіпсіздік талаптарын ұстану, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау, бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста сақтық таныту, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған кезде көмекке жүгіну жолдары түсіндірілді.

     Сонымен қатар балалар полиция қызметкерлері мен кинологтардың қызметтік иттермен жұмысын тамашалап, құқық қорғау органдары мамандарының күнделікті қызметімен танысты.

     Шара соңында балалардың қатысуымен флешмоб ұйымдастырылып, барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Балаларға су мен шоколад та ұсынылды.

     Ауқымды іс-шараны өткізуге қолдау көрсеткен "Өрнек" лагерінің ұжымына алғыс білдірілді. Балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне үлес қосып жүрген тәрбиешілер  полицияның атынан алғыс хаттармен марапатталды.

     Іс-шараның басты мақсаты – балалардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу, жауапкершілігін арттыру және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту.

     Айта кетейік, 10 тамызда Көкшетау қаласындағы "Балдаурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығында әкімшілік полиция комитетінің ұйымдастыруымен 500 баланың қатысуымен квест-фестиваль өткізілді. Фестиваль барысында балалар қауіпсіздік, құқықтық сауаттылық және заң талаптарын сақтау бағыттары бойынша ұйымдастырылған түрлі интерактивті алаңдарға қатысты.

     Балалардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ міндет. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстар еліміздің өңірлерінде алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.