Алакөлде жоғалған телефон мен қолсөмке ЖИ камералары арқылы табылды

Алакөлде жоғалған телефон мен қолсөмке ЖИ камералары арқылы табылды

     Абай облысында жоғалған телефон мен қолсөмке ЖИ камераларының көмегімен 1 сағатта табылды.

     Өскемен тұрғыны Алакөл жағалауында демалып жүріп, телефоны мен қолсөмкесін жағалауда қалдырып кеткен. Заттарын өздігінен іздегенімен, таба алмаған соң, полицияның модульдік пунктіне жүгінген.

     Полиция қызметкерлері бірден іске кірісіп, жағалаудағы ЖИ камераларының жазбаларын қарай бастады.

     Кадрларды мұқият тексеру барысында жоғалған заттарды жағалаудан өтіп бара жатқан азаматтың тауып алғаны және полицияға табыстамақ болғаны анықталды. Камера жазбалары мен дрон көмегі арқылы оның жүрген бағыты анықталып, іздеу жұмыстары нақты бағытқа көшті.

     Нәтижесінде демалушының телефоны мен барсеткасындағы барлық заты шамамен бір сағат ішінде табылып, иесіне қайтарылды.

– Заттарымды өзім таба алмай, қатты уайымдадым. Полиция қызметкерлері бірден көмек көрсетіп, бейнебақылау камералары арқылы заттарымды тауып бергеніне қуандым. Жедел әрекеттері үшін алғыс айтамын, – деді Өскемен қаласының тұрғыны.

     Жоғалған заттарды табуға полиция қызметкерлері Дастан Бейсканов пен Ұлан Шора, сондай-ақ Ерлан Калиев көмектесті.

     Оқиға полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті мен бейнебақылау жүйесінің тиімділігін көрсетті.

     Алакөлде полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, демалушыларға жоғалған заттарын табуға да көмектесуде.