
3 тамызда әлеуметтік желіде Ақтөбе қаласының тұрғыны түсірген бейнежазба жарияланды. Кадрларда қала сыртындағы далалық аумаққа қоқыс үйіндісінің төгілгені көрінеді.
Құрылыс қалдықтарының арасынан Ақтөбедегі медициналық мекемелердің біріне тиесілі қызметтік құжаттар, оның ішінде бірнеше есепке алу журналы табылған.
Жарияланымға байланысты полиция қызметкерлері дереу тексеру жүргізді. Нәтижесінде аталған медициналық мекеменің жауапты тұлғалары елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзғаны анықталды.
Құқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары жауапты тұлғалармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде медициналық мекеме өкілдері заңсыз төгілген қоқысты өз күштерімен жинап, аумақты тазартты.
Полиция тұрғындар мен ұйымдарды қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын тек белгіленген орындарға шығаруға шақырады. Табиғатты қорғау мен елді мекендердің тазалығын сақтау – баршаға ортақ жауапкершілік.