Ақмола облысында түнгі тыныштықты бұзған үш жүргізуші жауапқа тартылды

Ақмола облысында түнгі тыныштықты бұзған үш жүргізуші жауапқа тартылды

     Ақмола облысында түнгі уақытта қоғамдық тыныштықты бұзып, көлікпен қауіпті маневр жасаған үш жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

     Алғашқы жағдай Көкшетау қаласындағы Сарыарқа шағын ауданындағы "Көкше Арена" спорт кешенінің маңында болған. Әлеуметтік желіде жүргізушінің көлікті орнында айналдырып, дөңгелектерін әдейі сырғыту арқылы бернаут жасаған бейнежазбасы тараған. Оқиғаны куәгерлер видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Полиция қызметкерлері бейнежазба арқылы жүргізушінің жеке басын анықтады.

     Екінші жағдай шілде айының соңында Целиноград ауданына қарасты Қажымұқан ауылында тіркелді. Ауыл тұрғындары WhatsApp мессенджеріндегі ортақ чатта түнгі уақытта белгісіз жүргізушілердің елді мекен көшелерінде көлікпен қауіпті маневрлер жасап, қоғамдық тыныштықты бұзып жүргенін хабарлаған.

     Талапкер ауылындағы №18 учаскелік полиция пунктінің аға инспекторы, полиция майоры Абылайхан Кикимовтың айтуынша, учаскелік полиция қызметкерлері тұрғындармен мессенджерлердегі ортақ чаттар арқылы тұрақты байланыста.

– Мен өз әкімшілік учаскемнің барлық чаттарында бармын және оларды күн сайын бақылап отырамын. Мұндай байланыс форматы тұрғындар үшін өте ыңғайлы. Полицияға әрдайым телефон шалудың қажеті жоқ, құқық бұзушылық туралы чатқа хабарлау жеткілікті. Біз ақпарат түскен бойда жедел әрекет етуге тырысамыз, – деді полиция қызметкері.

     Тұрғындардан ақпарат келіп түскеннен кейін полицейлер бірден қажетті шараларды қолға алды. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделеніп, куәгерлерден түсініктемелер алынды. Жиналған мәліметтер жан-жақты тексерілді.

     Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде BMW маркалы автокөліктерді басқарған екі жүргізуші анықталды. Олардың бірі Қажымұқан ауылының тұрғыны болса, екіншісі көрші Арайлы ауылына қонаққа келген азамат болып шықты.

     Осылайша, түнгі уақытта қоғамдық тыныштықты бұзып, көлікпен қауіпті маневрлер жасаған үш жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

     Полиция жол қозғалысы қағидаларын сақтау және айналадағы азаматтардың тыныштығын құрметтеу әрбір жүргізушінің міндеті екенін еске салады.

     Тұрғындардың әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі хабарламалары құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, кінәлі адамдарға заң аясында шара қолдануға мүмкіндік береді.