
Павлодар облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығы – өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін негізгі құрылымдардың бірі. Келіп түскен әрбір хабарлама дереу тіркеліп, оқиға орнына полицияның тиісті күштері мен құралдары жіберіледі.
Павлодар облысы ПД жедел басқару орталығының бастығы Қуаныш Мұстафиновтың сөзінше, жыл басынан бері "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру аясында жедел басқару орталығының үйлестіруімен 200 қылмыс ашылып, 22 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Сондай-ақ "102" жедел арнасына шамамен 66 мың қоңырау келіп түскен.
"Нөлдік төзімділік" қағидатын қалыптастыру мақсатында жедел басқару орталығының инспекторлары қоғамдық тәртіпті бұзу деректерін анықтады. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген 3230 адам, қоғамдық орындарды ластаудың 328 фактісі және ұсақ бұзақылықтың 268 фактісі бойынша шара қолданылды. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін бұзған 15 мыңнан астам жүргізушіге қатысты заң аясында шара қабылданды.
Полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады.
Қарапайым талаптарды елемеу ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Қоғамдық қауіпсіздік – әрбір азаматтың жауапкершілігі мен белсенді қатысуын қажет ететін ортақ міндет.