Ақмола облысында полицейлер жолда қиындыққа тап болған отбасыға көмек көрсетті

Ақмола облысында полицейлер жолда қиындыққа тап болған отбасыға көмек көрсетті

     Ақмола облысы полиция департаментінің ресми парақшасына Астана – Щучинск автожолында қиын жағдайға тап болған отбасыға көмек көрсеткен полицейлерге тұрғыннан алғыс келіп түсті.

     Тұрғынның айтуынша, отбасы — ерлі-зайыпты, екі баласы және итімен бірге — автожолдың 97-шақырымында көлік бұзылып, жолда қалып қойған. Телефон байланысы болмағандықтан олар өздігінен көмек шақыра алмаған. Аптап ыстық жағдайды одан әрі қиындатып, отбасы біраз уақыт жол бойында көмек күтеді.

     Оқиға орнына патрульдік полиция ротасының қызметкерлері — Азамат Төлегенов пен Константин Мусин келген. Полицейлер жедел түрде эвакуатор шақыртып, ер адам көлікті қарау үшін оқиға орнында қалған. Ал әйел, балалар және ит полиция көлігімен жақын маңдағы жанармай құю станциясына жеткізілген. Тәртіп сақшылары отбасының үйіне қайтуына қажетті көлікті табуға да көмектескен.

     Тұрғын өз үндеуінде полицейлерге жауапкершілігі мен жанашырлығы үшін шынайы алғысын білдірген.

- Тәртіп сақшыларына өте ризамыз. Олар нағыз полиция қызметкерлері. Қиын жағдайда көмекке келді, — деп жазды ол.

     Полицейлердің айтуынша, азаматтардың осындай алғыс білдіруі — олардың еңбегіне берілген жоғары баға. Қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету — ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби міндеттерінің бірі.

     Ақмола облысы полиция департаменті азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қиын жағдайға тап болған адамдарға дер кезінде көмек көрсету полиция қызметінің басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.