"Қорғау" жүйесі: Түркістан облысында берешегі бар көлік иесі анықталды

"Қорғау" жүйесі: Түркістан облысында берешегі бар көлік иесі анықталды

     Төлеби ауданында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар барысында патрульдік полиция қызметкерлері "Қорғау" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің көмегімен берешегі бар жүргізушіні анықтады.

     Қызмет атқару кезінде "Қорғау" жүйесі арқылы 42 жастағы азаматтың басқаруындағы автокөлікке қатысты ақпарат келіп түсті. Жүйе жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғанын және оған салынған айыппұлдардың өтелмегенін көрсетті.

     Тексеру барысында аталған көлік құралына қатысты жалпы сомасы 250 мың теңгеден асатын 12 төленбеген айыппұл бары белгілі болды.

     Полицейлер қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізушіге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде азамат барлық берешегін толық өтеп, заң талаптарын орындады.

     Айта кетейік, "Қорғау" автоматтандырылған жүйесі жол қозғалысы ережелерін бұзған және әкімшілік берешегі бар көлік құралдарын жедел анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жолдағы тәртіпті нығайтып, жүргізушілердің заң алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.