"Үміт пойызы" Қарағандыға жетті: елімізде адам саудасына қарсы күрес күшейтілді

"Үміт пойызы" Қарағандыға жетті: елімізде адам саудасына қарсы күрес күшейтілді

     Қарағанды қаласы адам саудасына қарсы республикалық ақпараттық науқанның маңызды аялдамасына айналды. Таңсәріде өңірге арнайы "Үміт пойызы" жетіп, тұрғындарға адам саудасының алдын алу, оның қаупі мен құрбандарды қорғау жолдары туралы кең көлемде ақпарат берілді.

     Арнайы ақпараттық-насихат пойызының келуі – Халықаралық адам саудасына қарсы күрес күні қарсаңында Қарағанды облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы ұйымдастырған кешенді профилактикалық іс-шаралардың маңызды бөлігі болды.

     Жылжымалы ақпараттық орталыққа айналған пойыз құрамында заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер және полиция қызметкерлерінен құралған үгіт-насихат тобы болды. Теміржол вокзалында жолаушылар мен тұрғындар қазіргі заманғы құлдықтың түрлері, адам саудасына тарту тәсілдері, заңсыз еңбек көші-қонының қауіптері, сондай-ақ зардап шеккендерге көрсетілетін көмек тетіктері туралы жан-жақты мәлімет алды. Қатысушыларға арнайы әзірленген ақпараттық жадынамалар таратылды.

– 24–30 шілде аралығында елімізде БҰҰ бастамасымен жыл сайын 30 шілдеде атап өтілетін Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай "Адам саудасы – ауыр қылмыс" атты кең ауқымды республикалық ақпараттық науқан өтуде. Бұл бастама ішкі істер министрлігінің үйлестіруімен жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік мекемелердің, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен қатысуымен жүзеге асырылуда.

Науқан аясында еліміздің оңтүстік, солтүстік, батыс және шығыс бағыттары бойынша төрт арнайы үгіт-насихат пойызы жолға шықты. Олардың бағыты бойынша жалпы 12 қала қамтылады. Петропавл – Алматы бағытымен жүретін пойыздың маңызды аялдамаларының бірі – Қарағанды қаласы, – деді үгіт-насихат тобының өкілі.

     Ақпараттық науқан аясында Қарағанды облысы полиция департаменті студенттермен, мектеп оқушыларымен, еңбек ұжымдарымен және қоғамдық ұйымдар өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Іс-шараларда адам саудасының алдын алу, күмәнді делдалдар арқылы шетелге жұмысқа орналасудың тәуекелдері, заңсыз көші-қон және интернет арқылы азаматтарды арбаудың кең таралған тәсілдері түсіндірілді.

     Полицейлердің айтуынша, мұндай алдын алу шаралары азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, адам саудасы қылмыстарының алдын алуға және қауіп төнген жағдайда қайда жүгіну керектігі туралы ақпараттандыруға бағытталған.