ІІМ: Жасөспірімдер әлеуметтік желіде өздерін қалай қорғай алады

ІІМ: Жасөспірімдер әлеуметтік желіде өздерін қалай қорғай алады

     Ішкі істер министрлігі еске салады: интернеттегі қауіпсіздік қарапайым, бірақ маңызды ережелерден басталады. Әлеуметтік желілер қарым-қатынас жасауға, білім алуға және өміріңіздегі қызықты сәттермен бөлісуге мүмкіндік береді. Алайда ашықтық сіздің қауіпсіздігіңізге қауіп төндірмеуі тиіс.

     Негізгі ережелер:

  • Мекенжайыңызды, телефон нөміріңізді, оқитын мектебіңізді, сабақ кестесін және сіздің орналасқан жеріңізді анықтауға мүмкіндік беретін басқа да жеке мәліметтерді жарияламаңыз.
  • Геолокацияны көрсететін фото мен стористі нақты уақыт режимінде салмаңыз. Ондай материалдарды сол жерден кеткеннен кейін ғана бөліскен дұрыс.
  • Достар қатарына тек жеке танитын адамдарды ғана қосыңыз.
  • Парақшаңыздың құпиялық баптауларын реттеп, жарияланымдарыңызды тек сенімді адамдар көретіндей етіп қойыңыз.
  • Бейтаныс адамдарға жеке фотоларыңызды, құжаттарыңызды немесе өзге де құпия ақпаратты жібермеңіз.
  • Егер бейтаныс адам сізге шамадан тыс назар аударып, жеке мәліметтеріңізді сұраса, қайда жүргеніңізді білетінін айтса немесе қорқытуға тырысса, онымен байланысты бірден тоқтатыңыз.
  • Күмәнді аккаунтты бұғаттаңыз.
  • Мұндай жағдайлар туралы міндетті түрде ата-анаңызға, заңды өкіліңізге немесе сенім артатын ересек адамға айтыңыз.

     Есіңізде болсын: сіздің қауіпсіздігіңіз жазылушылар саны мен лайктардан әлдеқайда маңызды. Цифрлық ортада қауіпсіздік ережелерін сақтау жеке деректеріңізді қорғауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға көмектеседі.