
Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында қауіпсіз әлеуметтік ортаны қалыптастыруға және қоғамда кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін орнықтыруға бағытталған шараларды тұрақты түрде іске асыруда.
Қылмыстың алдын алудың негізгі тетіктерінің бірі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабында көзделген ұсыну енгізу институты болып табылады.
Ұсыну енгізуге қылмыстық процесте анықталған заңнама талаптарының бұзылуы, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және лауазымды тұлғалардың қызметіндегі кемшіліктер, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен өзге де мән-жайлар негіз болады.
Жыл басынан бері ішкі істер органдарының тергеушілері мен анықтаушылары уәкілетті мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және лауазымды адамдардың атына 51 мыңға жуық ұсыну енгізді. Ұсынулардың адресаттары қатарында әкімдіктер, жергілікті атқарушы органдар, автокөлік жолдарын күтіп-ұстау ұйымдары, білім беру және денсаулық сақтау органдары, екінші деңгейдегі банктер, кәсіпкерлік субъектілері, өндірістік кәсіпорындар, мүлік иелерінің бірлестіктері мен министрліктер бар.
Ұсынуларды қарау нәтижесінде қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған нақты шаралар қабылданды:
Тергеу барысында анықталған құқық бұзушылықтар үшін 302 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды, оның ішінде алкоголь өнімдерін заңсыз өткізген, тіркеусіз тұрған, көлік құралдарын заңсыз басқарған, мал жаю қағидаларын бұзған және басқа да құқық бұзушылықтар жасағандар бар.
Нақты мысалдар:
Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылады.
Марқакөл - Қалжыр - Омбы - Майқапшағай автожолында полиция енгізген ұсынуды қарау қорытындысы бойынша жол таңбалары жаңартылып, 24-56 шақырым аралығында жол төсеміне жөндеу жұмыстары жүргізілді, ал 67-ші шақырымда үш стробоскоп пен жарық шағылыстыратын жол маркерлері орнатылды.
Сол сияқты Ақтөбе облысының аумағындағы Самара - Шымкент республикалық автожолының 867-ші шақырымында жылдамдықты шектеу жол белгілері және жылдамдық режимін автоматты түрде тіркейтін кешен орнатылды.
Ұсынуларды қарау нәтижесінде өздерінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін және түрлі құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен 3 000-ға жуық лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа, ал 700-ден астам адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөніндегі жұмыс қылмыстың алдын алудың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.