
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 30 шілде – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған "Адам саудасы – ауыр қылмыс" республикалық ақпараттық науқанына қосылды.
Іс-шара Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің бастамасымен мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024–2026 жылдарға арналған жоспары негізінде өткізілуде.
Акцияның алғашқы күні полицейлер Петропавл қаласының орталық көшелеріне шығып, тұрғындарға жадынамалар мен ақпараттық кітапшалар таратты. Азаматтарға адам саудасының белгілері, мұндай жағдайларда әрекет ету тәртібі және көмек сұрауға болатын байланыс арналары, соның ішінде "102" нөмірі түсіндірілді.
Адам саудасы мәжбүрлі еңбекке тарту, жыныстық қанау, қайыр сұратуға немесе заңсыз әрекеттерге мәжбүрлеу, заңсыз асырап алу, сондай-ақ адам ағзаларын заңсыз алу түрінде көрініс табуы мүмкін. Мұндай қылмыстың негізгі белгілеріне еңбек шартының болмауы, жеке құжаттар мен табыстың тартып алынуы, еркіндіктің шектелуі және психологиялық қысым жатады. Қылмыскерлер алдау, бопсалау, қорқыту және қарызға тәуелділік сияқты тәсілдерді пайдаланады.
– Осындай қылмыстың құрбаны болмау үшін жеке құжаттарыңызды бөгде адамдарға бермеңіздер, шетелде жұмысқа немесе оқуға қатысты ұсыныстарды мұқият тексеріңіздер, барлық құжатты жіті зерделеп, баратын елдегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігінің байланыс деректерін алдын ала анықтап алыңыздар, – дейді полицейлер.
Ақпараттық науқан 30 шілдеге дейін жалғасады.