
Павлодар облысы полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, шілде айында Павлодар қаласында күдікті кілтті іріктеу арқылы пәтерге заңсыз кіріп, жалпы құны шамамен 6 миллион теңгені құрайтын мүлікті ұрлаған. Күдіктінің үш пәтер ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Келтірілген материалдық шығын бірнеше миллион теңгені құрайды.
Барлық жағдайда күдікті бірдей тәсілді қолданған – кілтті іріктеу арқылы тұрғын үйге кірген. Кейін зергерлік бұйымдарды, ақшалай қаражатты және өзге де бағалы заттарды қолды қылған. Ұрланған мүлікті кейін ломбардтарға өткізіп, түскен қаражатты жеке басының қажетіне жұмсаған.
– Анықталғандай, 36 жастағы күдікті – Астана қаласының тұрғыны, бұған дейін бірнеше рет сотталған. Жеке тінту барысында оның жанынан ақшалай қаражаттың бір бөлігі тәркіленді. Сондай-ақ Семей қаласындағы ломбардтардың бірінен алтын бұйымдар табылып, тәркіленді. Ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оның облыс аумағында жасалған осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы тексерілуде, – деді Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Олжас Темиров.
Полиция азаматтарды пәтер ұрлығының алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Тұрғын үйді ұзақ уақыт қараусыз қалдырмаңыздар, ал ұзақ мерзімге кеткен жағдайда көршілеріңізден немесе жақындарыңыздан пәтерге көз салып тұруды сұраңыздар.
Қырағылық танытып, бағалы заттарды қараусыз қалдырмаңыздар. Кіреберістер мен дәліздерге бейнебақылау камераларын орнатып, есіктерді сенімді құлыптармен күшейтіп, пәтерлерді күзет дабыл жүйесімен жабдықтаған жөн. Үйден шығар алдында есік пен терезелердің мұқият жабылғанына көз жеткізіңіздер.