Астанада жалған чекпен базардан тауар алып жүрген күдікті қолға түсті

Астанада жалған чекпен базардан тауар алып жүрген күдікті қолға түсті

     Елордада жалған төлем чегін көрсетіп, базардағы сатушыларды алдап жүрген 34 жастағы тұрғынның заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды.

     Тергеу барысында анықталғандай, күдікті сауда орындарын әдейі аралап, өзін қарапайым сатып алушы ретінде таныстырған. Көкөніс пен жеміс-жидек таңдаған соң, ақшаны мобильді қосымша арқылы аударғандай кейіп танытып, қолдан жасалған төлем чегін көрсеткен. Ақша шотқа түсті деп сенген сатушылар тауарды күдіктіге өз қолдарымен берген.

     Бұл – оның алғашқы алаяқтығы емес. Күдікті бұған дейін де дәл осындай айламен бірнеше саудагерді алдағаны анықталды. Қазіргі уақытта оның өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

     Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

     Полиция саудагерлер мен кәсіпкерлерге төлемнің нақты банк шотына түскеніне көз жеткізбейінше, тауарды сатып алушыға бермеуге кеңес береді.