
Алматыда полиция электрсамокаттарды пайдалануға қойылатын жаңа талаптардың сақталуын тексерді.
Алматыда полиция қызметкерлері электрсамокаттарды жалға беретін шерингілік компаниялардың қызметіне тексеру жүргізді. Негізгі назар жеке мобильділік құралдарына қатысты қолданысқа енгізілген заңнама талаптарының сақталуына аударылды.
Тексеру барысында шерингілік сервистердің бағдарламалық жасақтамасы электрсамокаттардың қозғалыс жылдамдығын автоматты түрде шектейтіні анықталды. Атап айтқанда, бұл талап велосипед жолдары мен тротуарларда қолданылады.
Сонымен қатар бірқатар кемшіліктер анықталды. Осыған байланысты операторларға бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріледі. Белгіленген мерзімде талаптар орындалмаған жағдайда компанияларға заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
– Біз шерингілік компаниялардың жаңа талаптарды қалай орындап жатқанын тексердік. Жылдамдықты шектеу жүйесінің шынымен жұмыс істейтініне көз жеткіздік: велосипед жолдарында самокат жылдамдығын автоматты түрде төмендетеді. Сонымен бірге жойылуы тиіс жекелеген кемшіліктер анықталды. Бұл талаптардың сақталуына бақылау жалғасады, – деді Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.
Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері электрсамокат пайдаланушыларымен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, оларды пайдалану және тұраққа қою ережелерін, сондай-ақ абаттандыру талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті түсіндірді.
Рейд барысында мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз пайдаланылған электрсамокаттар анықталды. Олар арнайы тұраққа эвакуацияланды.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері шерингілік сервистер пайдаланушыларын тіркеу тетігін тексерді. Электрсамокаттарды жалға алуға электрондық үкімет порталы арқылы жеке басын міндетті түрде сәйкестендіргеннен кейін ғана рұқсат беріледі. Бұл құқық бұзушылық жасалған жағдайда пайдаланушыны анықтауға мүмкіндік береді.