
Шымкент қаласының полиция департаменті Әл-Фараби ауданының полиция басқармасына алаяқтардың арбауына түскен сегіз зейнеткер келіп, істі тергеген қызметкерлерге алғысын білдірді.
Зейнеткерлердің айтуынша, оларға шетелге тиімді бағамен саяхатқа шығу ұсынылған. Бұл ұсынысқа сенген тұрғындар саяхаттың ақшасын төлеген, алайда уәде етілген сапар ұйымдастырылмаған.
Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 4 миллион теңгеге жуық.
Тергеу барысында істің барлық мән-жайы анықталып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді. Жиналған дәлелдер негізінде қылмыстық іс сотқа жолданды. Полиция қызметкерлерінің жұмысына ризашылығын білдірген зейнеткерлер олардың мәселесіне мұқият қарап, істің әділ шешілуіне ықпал еткені үшін алғыс айтты.
– Біздің мәселемізге бейжай қарамай, істің соңына дейін жеткізілуіне күш салған тергеушілерге алғысымызды білдіреміз, – дейді тұрғындар.
Полиция азаматтарды алаяқтардың құрбаны болмау үшін аса мұқият болуға шақырады. Ақша аудармас бұрын қызмет көрсетуші компания туралы ақпаратты тексеріп, ұсыныстың шынайылығына көз жеткізу қажет.