
Маңғыстау облысында дене даярлығы нормативтерін цифрлық форматта тапсыру басталды.
Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ведомстволық жоғары оқу орындарына қабылдау науқаны аясында талапкерлердің дене даярлығы нормативтерін тапсыру кезеңі басталды.
Биыл алғаш рет барлық кезеңдер Qyzmet-Police.kz ақпараттық жүйесі арқылы цифрлық форматта ұйымдастырылуда. Жаңа формат 15 шілдеден бастап енгізілді. Биыл дене даярлығы нормативтерін тапсыруға 126 талапкер қатысуда. Барлық сынақтар міндетті түрде бейнежазбаға түсіріліп, тікелей эфирде көрсетіледі. Бұл талапкерлердің ата-аналарына процесті өз көздерімен бақылауға мүмкіндік беріп, қабылдау науқанының ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етеді.
– Биыл қабылдау науқаны алғаш рет толықтай Qyzmet-Police.kz ақпараттық жүйесі арқылы цифрлық форматта өткізілуде. Негізгі мақсат – оқуға түсу үдерісін барынша ашық, әділ әрі талапкерлер үшін қолжетімді ету. Бірінші кезең сәтті аяқталды: талапкерлер құжаттарын жүйе арқылы тапсырды, сондай-ақ әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындылары да осы жүйеде көрсетілді. Цифрландырудың арқасында қағаз құжат айналымы, түрлі мекемелерге бару қажеттілігі және артық байланыстар айтарлықтай қысқарды. Келесі кезең – талапкерлердің тұрғылықты жері бойынша өткізілетін дене даярлығы нормативтерін тапсыру. Мұның барлығы талапкерлер мен олардың ата-аналары үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған, – деді Маңғыстау облысы полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының бастығы Серік Молбаев.
Дене даярлығы нормативтері аяқталғаннан кейін талапкерлердің материалдары ІІМ ведомстволық жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына жолданады. Онда ҰБТ нәтижелері, заңнамада көзделген жеңілдіктердің болуы, ұсынылған құжаттар зерделеніп, түпкілікті шешім тек конкурстық көрсеткіштер негізінде қабылданады.
Полиция қабылдау науқанының барлық негізгі кезеңдері цифрлық жүйеде тіркеліп, талапкерлердің жеке кабинеттерінде көрсетілетіні атап өтілді. Бұл іріктеу үдерісінің әр кезеңінде ашықтық пен бақылауды қамтамасыз етеді.