Астанада жедел бөлімшелердің жұмысы бойынша өңіраралық кеңес өтті

Астанада жедел бөлімшелердің жұмысы бойынша өңіраралық кеңес өтті

Астана қаласы полиция департаментінде орталық өңірдің полиция органдары жедел бөлімшелерінің бірінші жартыжылдықтағы жедел-қызметтік қызметінің қорытындыларына арналған өңіраралық кеңес өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов төрағалық етті.

Кеңеске Астана қаласы, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстары полиция департаменттерінің жедел бөлімшелері басшылары, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің аумақтық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.

Кеңес барысында жедел-қызметтік қызметтің қорытындылары шығарылып, өңірлердегі криминогендік ахуалға, қылмыстардың, оның ішінде өткен жылдары жасалған қылмыстардың ашылу көрсеткіштеріне, сондай-ақ мүліктік, пайдакүнемдік және өзге де қылмыс түрлеріне қарсы қабылданып жатқан шаралардың тиімділігіне баға берілді.

Ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге, жедел маңызы бар ақпаратпен уақтылы алмасуға, жедел-іздестіру қызметін ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға және жедел бөлімшелер жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.

Кеңес барысында цифрлық технологияларды пайдалану арқылы жасалған қылмыстарды қоса алғанда, қылмыстық істерді тергеудің практикалық мысалдары қаралды. Қатысушылар мұндай құқық бұзушылықтарды ашу мен тергеудің заманауи тәсілдерін талдап, қылмыстың жаңа түрлеріне қарсы іс-қимылдың бірыңғай тәсілдерін айқындады.

Өңіраралық кеңес қорытындысы бойынша аумақтық бөлімшелердің басшыларына қылмыстарды ашу, жолын кесу және олардың алдын алу жұмыстарын күшейтуге, жедел-іздестіру қызметін жетілдіруге, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған нақты тапсырмалар мен практикалық нұсқаулар берілді.