Оралда полицейлер 4 жасар баланы қауіптен аман алып қалды

Оралда полицейлер 4 жасар баланы қауіптен аман алып қалды

Оралда полицейлер терезеден құлап кете жаздаған төрт жасар баланы құтқарып қалды.

Бүгін сағат 14:10 шамасында "102" арнасына Орал қаласындағы Мөңкеұлы көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің 7-қабатындағы пәтер терезесіне шығып кеткен кішкентай бала туралы шұғыл хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына жақын маңда болған Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкері Рысбек Агзамов қызметтік кезекшілікке бара жатқан. Сол сәтте ол көмек сұрап айқайлаған әйелдің дауысын естіп, жоғары қарағанда терезеде тұрған баланы байқаған. Полицей уақыт жоғалтпастан бірден көмек көрсетуге ұмтылды.

Оқиға орнына Бәйтерек аудандық полиция бөлімінің қызметкері Рафаэль Ишакаев та келіп, құтқару жұмыстарына қосылды.

Сондай-ақ осы үйде тұратын Орал қаласы полиция басқармасының қабылдау-тарату орнының полиция жүргізушісі Батырбек Сейітов түскі үзілісте болған. Ол жағдайды естіп, үйінен қажетті құралдарын алып шығып, құлыптаулы пәтердің есігін ашуға көмек көрсетті.

Пәтер есігі ашылғаннан кейін Рысбек Агзамов ішке бірінші болып кіріп, терезеге шығып алған шамамен төрт жасар баланы қауіпсіз жерге түсірді. Осылайша полицей баланың өмірін сақтап қалды. Рафаэль Ишакаев құтқару барысында әріптесіне қолдау көрсетті.

Алдын ала анықталған мәлімет бойынша оқиға кезінде баланың анасы қысқа уақытқа сыртқа шығып кеткен. Бала пәтерде жалғыз қалған. Аталған дерек бойынша баланың ата-анасы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды.

Полиция ата-аналарға кішкентай балаларды үйде қараусыз қалдырмауға, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуға, жиһаздарды терезе маңына қоймауға және балалардың қауіпсіздігін үнемі бақылауда ұстауға шақырады. Баланың өмірі мен қауіпсіздігі – ең басты құндылық. Бір сәттік немқұрайлылық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.