
Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің Орал қаласы полиция басқармасына қарасты Абай полиция бөлімінің жаңа әкімшілік ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев, құқық қорғау органдарының өкілдері, полиция ардагерлері мен жеке құрам қатысты.
Заманауи талаптарға сай бой көтерген жаңа ғимарат полиция қызметкерлерінің жұмысын тиімді ұйымдастыруға және тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мұнда кезекші бөлім, азаматтарды қабылдау бөлмесі, мәжіліс залы, жауынгерлік даярлық кабинеті және толық жабдықталған қызметтік кабинеттер орналасқан.
Салтанатты рәсім барысында полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев өңір басшысы Нариман Төреғалиевке құқық қорғау органдарына көрсетіп отырған тұрақты қолдауы үшін алғыс білдірді. Ол жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі полиция қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін арттырып, азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын одан әрі жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бүгінде Абай полиция бөлімінде 150-ге жуық қызметкер қала орталығында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрғындардың қауіпсіздігі жолында тәулік бойы қызмет атқаруда.
Рәсімнен кейін қонақтар жаңа әкімшілік ғимаратты аралап, қызметтік кабинеттердің материалдық-техникалық жарақтандырылуымен және полиция қызметкерлері үшін жасалған еңбек жағдайларымен танысты.
Жаңа Абай полиция бөлімінің пайдалануға берілуі – полиция инфрақұрылымын жаңғыртуға, қызметкерлер үшін қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыруға және халыққа көрсетілетін сервистік қызметтің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл нысан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге және азаматтардың полицияға деген сенімін нығайтуға өз үлесін қосады.