
Қостанай облысы ПД азаматтарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті немесе өзге де заттарды заңда көзделген негіздерсіз пайдалануға тыйым салынғанын ескертеді.
Бұл талап қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтарды жедел сәйкестендіруге бағытталған.
Сонымен қатар заңнамада бірқатар ерекшеліктер көзделген. Атап айтқанда, медициналық көрсетілімдер болған жағдайда, қолайсыз ауа райы кезінде, қызметтік міндеттерді орындау барысында, сондай-ақ спорттық, мәдени-бұқаралық және өзге де іс-шараларды өткізу талаптарына сәйкес бетті жабуға рұқсат беріледі.
Аталған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Құқық бұзушылық алғаш рет жасалған жағдайда ескерту беріледі, ал бір жыл ішінде қайталанса әкімшілік айыппұл салынады.
Жыл басынан бері Қостанай облысы полициясының қызметкерлері қоғамдық орындарда бет-жүзін заңсыз жасырған 15 құқық бұзушылық дерегін анықтады. Барлық фактілер бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға және қоғамдық орындарда белгіленген тәртіпті бұзбауға шақырады. Бұл талаптар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.