Павлодар облысында бір тәулікте мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Павлодар облысында бір тәулікте мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді

     Павлодар облысында "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру аясында қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізілуде.

     Өткен тәулікте өңір полицейлері 1021 құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 433 дерегі анықталды. Сондай-ақ алты жүргізушінің көлік құралын мас күйінде басқарғаны белгілі болды.

     Күн сайын патрульдік полиция ротасы мен батальонының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күшейтілген режимде қызмет атқарады.

– Негізгі назар криминогендік ахуалы күрделі аумақтар мен адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарға аударылады. Патрульдік полиция тәулік бойы қызмет етіп, тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Инспекторлар жол қозғалысы қағидаларының сақталуын бақылаумен қатар, оқиға орындарына бірінші болып жетіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді және қылмыстарды жедел ашуға ықпал етеді. Анықталған барлық құқық бұзушылар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылып, көлік құралдары арнайы айып тұрағына қойылды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бакибай Ахмедьянов.

     Полиция өңірде құқық бұзушылықтарға "мүлдем төзбеушілік" қағидатының дәйекті түрде іске асырылып жатқанын атап өтті. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, ал заң талаптарын бұзған әрбір азамат заң алдында жауап береді.