ІІМ: Қазақстанда қылмыс деңгейі 10%-ға төмендеді, резонансты қылмыстар ашылды

ІІМ: Қазақстанда қылмыс деңгейі 10%-ға төмендеді, резонансты қылмыстар ашылды

     Алты айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда тіркелген қылмыстар саны 10%-ға азайды. Сонымен қатар ең көп таралған құқық бұзушылықтар бойынша қылмыстардың ашылу көрсеткіші артты. ІІМ ауыр және мүліктік қылмыстармен күресте, іздеуде жүрген қылмыскерлерді ұстауда, қылмыстық топтардың жолын кесуде және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылда оң нәтижелерге қол жеткізілгенін мәлімдеді.

- Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаменті қылмыстардың алдын алу және жолын кесу бойынша жұмыс жүргізуде. Басты міндет - азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алты айда елімізде қылмыстар саны 10%-ға төмендеді. Аса ауыр қылмыстармен күрес ерекше назарда. Кісі өлтіру қылмысы 9%-ға азайды. Өткен жылдардағы қылмыстарды ашу жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері 15 кісі өлтіру, 19 ауыр дене жарақатын келтіру фактісі, 7 зорлау және 31 бұзақылық қылмысы ашылды.

Ұрлықтар саны 16%-ға азайып, олардың ашылу деңгейі артты. Ұрлық жасағаны үшін бес мыңнан астам адам ұсталып, шамамен 600 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Мал ұрлығына қарсы күрес те тұрақты бақылауда. 119 адам ұсталып, 28 қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылды.

Алты айда іздеуде жүрген 678 адам ұсталды. Олардың 90-ы шетел аумағында. 28 қылмыскер елге экстрадицияланды, 14 адам депортацияланды. Сонымен қатар 362 азаматтың жүрген жері анықталды.

Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жалғасуда. Павлодар облысында екі заңсыз көші-қон арнасы анықталды. Осындай қылмыстық схемалар Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысында да жойылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, - деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.