ҚАЖ мекемелерінде "Шабыт" байқауының үздік авторлары анықталды

ҚАЖ мекемелерінде "Шабыт" байқауының үздік авторлары анықталды

     Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесінде сотталғандар арасында жыл сайын өткізілетін "Шабыт" республикалық шығарма байқауының III кезеңі қорытындыланды.

     Биылғы байқау қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, оған еліміздің барлық өңірлерінен 1000-нан астам сотталған қатысты. Республикалық қорытынды кезеңге өңірлік іріктеуде жеңімпаз атанған 17 үздік жұмыс жолданды.

     Байқау шығармашылық сайыс қана емес, қатысушыларға өз өмір жолын қайта зерделеуге, бостандық пен жауапкершіліктің мәнін ұғынуға, сондай-ақ ішкі өзгерістерге қадам жасауға мүмкіндік берді.

     Жұмыстарды қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің, оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының, мәдениет және ақпарат министрлігі архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің кітап ісі басқармасының, ІІМ Басқару академиясының, сондай-ақ Астана қаласының көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының өкілдерінен құралған конкурстық комиссия бағалады.

     Бағалау барысында шығармалардың тақырыпқа сәйкестігі, мазмұнды ашу деңгейі, авторлық ұстанымының ерекшелігі, сауаттылығы, ойды жүйелі жеткізуі және көркемдік деңгейі ескерілді. Сонымен қатар, комиссия мүшелері авторлардың шынайылығы мен өмірлік тәжірибесін саралай білуіне, тұлғалық дамуға деген ұмтылысына ерекше мән берді.

     Байқау қорытындысы бойынша: І орын Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №9 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғанның "Менің түзелуге және жаңа өмірге бастар жолым" тақырыбындағы шығармасына берілді; ІІ орын Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №43 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғанға түзелу жолы, бостандық пен жауапкершілік, босатылғаннан кейінгі болашағы туралы шығармалар топтамасы үшін берілді; ІІІ орын Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №31 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғанның "Мен үшін бостандық пен жауапкершілік нені білдіреді" тақырыбындағы шығармасына берілді.

     Сонымен қатар конкурстық комиссияның шешімімен келесі арнайы номинациялар белгіленді: "Терең шығармашылық көзқарасы үшін"; "Авторлық ұстанымы үшін"; "Тәрбиелік-әлеуметтік маңыздылығы үшін".

     Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көтермеленетін болады. Осыған байланысты қылмыстық-атқару жүйесінің барлық аумақтық департаменттеріне тиісті нұсқау жолданды.

     "Шабыт" байқауы кітап оқу мәдениетін, жазбаша сауаттылық пен шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ сотталғандарға жіберген қателіктерін саралап, өмірлік ұстанымдарын қайта қалыптастыруға және қоғамға қайта бейімделуге дайындалуға мүмкіндік береді. Мұндай бастамалар қылмыстық-атқару жүйесіндегі тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық жұмыстың маңызды бағыты болып табылады.

     Байқау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың III Ұлттық құрылтай отырысында берген қоғамда жоғары кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапты кеңінен насихаттау және азаматтардың шығармашылық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау, сондай-ақ "Ұлттық кітап күніне" арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылды. Осындай жобаларды қолдау кітап оқуға және әдеби шығармашылыққа деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, сотталғандардың түзелуге, тұлғалық дамуға және қоғамға табысты қайта бейімделуге деген ұмтылысын қалыптастыруға ықпал етеді.