
Ішкі істер органдарының ардагерлері аңызға айналған басшы Қабен Беспаев туралы естеліктерімен бөлісті.
Абай облысы полиция департаментінде тарихи жадыны сақтау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Өңірдің ішкі істер органдары тарихында милиция генерал-майоры Қабен Садықұлы Беспаевтың есімі айрықша орын алады. Ол бүкіл ғұмырын Заңға қызмет етуге және бірнеше буын полиция қызметкерлерін тәрбиелеуге арнаған тұлға.
Көрнекті басшы туралы естеліктерімен ішкі істер органдарының ардагерлері – Евгений Цимбал мен Петр Молчанов бөлісті. Екеуі де Қабен Садықұлының басшылығымен қызмет атқарған.
- Сол кезде облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Қабен Беспаев болатын. Ол тек талап қоя білетін басшы ғана емес, жеке өнегесімен тәрбиелей алатын тұлға еді. Ол әрдайым: “Мемлекеттің күші – өз міндетін адал атқаратын адамдарда”, – деп айтатын. Бүгін, арада ондаған жыл өтсе де, оның еңбегі мен ішкі істер жүйесін дамытуға қосқан үлесі ұмытылған жоқ, – деді Евгений Цимбал.
Ардагерлердің айтуынша, милиция генерал-майоры Қабен Беспаевтың есімі Қазақстанның ішкі істер органдарының тарихында мәңгі сақталады. Ол өңірдегі құқықтық тәртіптің заманауи жүйесінің қалыптасуының бастауында тұрды, әділдікке, кәсібилікке және қағидатшылдыққа негізделген қызметтің іргетасын қалады. Сонымен қатар қызметтік тәртіпті нығайтуға, жас мамандарды даярлауға және милиция беделін арттыруға ерекше көңіл бөлді.
Полковник Петр Молчанов Қабен Садықұлының қазіргі полицияның берік негізін қалаған басшылар буынының өкілі болғанын атап өтті.
– Қабен Садықұлы Беспаев – қызметтік тәртіпті, кәсіби мәдениетті және моральдық құндылықтарды қалыптастырған көрнекті басшылардың бірі. Оның өзіне де, қарамағындағы қызметкерлерге де қоя білетін талапшылдығы, адалдығы мен қызметіне деген шынайы берілгендігі көптеген буын қызметкерлеріне үлгі болды. Бүгінде біз оны тек көрнекті басшы ретінде ғана емес, халқына адал қызмет еткен азамат ретінде де құрметпен еске аламыз, – деді ардагер.
Қабен Садықұлы Беспаев 1925 жылғы 13 қарашада Көкентау ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдары еңбек майданының қатысушысы болды. Забайкалье жаяу әскер училищесін және Қазан танк училищесін тәмамдап, Кеңес армиясы қатарында абыройлы қызмет атқарды.
1949 жылы әскер қатарынан босатылғаннан кейін ішкі істер органдарына қызметке жіберіліп, аудандық милиция бөлімінің жедел уәкілінен бастап Семей облыстық ішкі істер басқармасының бастығына дейінгі қызмет жолынан өтті. Бұл лауазымды 14 жыл бойы абыроймен атқарды.
Оның басшылығымен қылмыстық іздестіру қызметін дамытуға, экономикалық қылмыстармен күреске, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қызметтік тәртіпті нығайтуға және жас қызметкерлерді даярлауға ерекше мән берілді. Көптеген офицерлер үшін ол тәлімгер әрі Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі болды.
Бүгінде Абай облысы полиция департаментінің қызметкерлері милиция генерал-майоры Қабен Беспаевтың жарқын рухына терең құрмет көрсетеді. Оның өмір жолы жоғары жауапкершіліктің, қағидатшылдықтың және мамандыққа адалдықтың символы болып қала береді. Ал ол қалыптастырған игі дәстүрлер қазіргі полиция қызметінде өз жалғасын табуда.
Осындай тұлғалардың өнегелі өмірі – тек ведомство тарихының бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар "Заң және Тәртіп" қағидатын басшылыққа алып, қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген құқық қорғаушылардың жаңа буынына бағыт-бағдар беретін рухани құндылық.