
Абай облысында жасөспірімдер арасындағы жанжалдың алдын алуға бағытталған әлеуметтік бастама қолға алынды.
Жасөспірімдер арасындағы жанжалдар мен зорлық-зомбылық фактілерінің жиілеуіне байланысты балалар мен жастар арасында профилактикалық жұмыстың маңызы артып отыр. Мамандардың айтуынша, айналадағы адамдарды құрметтеу, эмоцияны бақылау және жанжалдарды бейбіт жолмен шешу дағдылары бала кезден қалыптасады.
Осы мақсатта Абай облысында танымал спортшылар мен жаттықтырушылардың қатысуымен жаңа әлеуметтік бастама жүзеге асырылуда.
Бокс жаттықтырушысы Арнал Қанапьяновтың пікірінше, спорт адамның бойындағы агрессияны емес, мінез-құлқын тәрбиелеуі тиіс.
— Егер күшіңді көрсеткің келсе – оны спортта көрсет. Барлығы балалық шақтан басталады. Дәл сол кезде балаларға төбелес пен күш қолдану мәселені шешудің жолы емес екенін түсіндіру қажет. Нағыз спортшы қарсыласын құрметтейді, өзін-өзі ұстай біледі және ешқашан көшеде өзінің артықшылығын дәлелдеуге тырыспайды, – деді Арнал Қанапьянов.
Абай облысы полиция департаменті жасөспірімдер қылмысының алдын алу отбасы, мектеп, спорт қауымдастығы және құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы арқылы ғана нәтижелі болатынын атап өтеді.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, спортпен шұғылдану балалардың тәртіпті, жауапты болуды, өзін-өзі бақылауды және өзгелерге құрметпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар спорт балаларды көшедегі жанжалдар мен агрессивті әрекеттерден алшақтататын тиімді құрал болып табылады.
Полиция ата-аналарды балалардың тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуге, олардың араласатын ортасына қызығушылық танытуға және спортпен айналысуға деген ұмтылысын қолдауға шақырады. Өйткені нағыз күш төбелесте емес, өз қадір-қасиетіңді сақтай білуде, өзгелерді құрметтеуде және дұрыс шешім қабылдай алуда көрінеді.
Заң мен тәртіп тәрбиеден басталады. Ал мықты қоғам – зорлық-зомбылықтың орнына спортты таңдайтын балалардан қалыптасады.