
24 маусымда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің "Алатау" спорт сарайында Қазақстан полициясы күніне орай Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының құрметіне арналған жасөспірімдер арасындағы еркін күрестен халықаралық турнир өтті.
Дәстүрлі додаға Қазақстан, Ресей және Қырғызстан республикаларының құрама командалары қатысты.
Тартысты бәсеке қорытындысы бойынша: I орын – Ресей Федерациясының құрамасы; II орын – Қазақстан Республикасының құрамасы; III орын – Қырғызстан Республикасының құрамасы.
Қазақстан Республикасының құрамасы сапында "Жас сақшы" сыныптарының оқушылары өнер көрсетті.
Бүгінде еліміздің 238 мектебінде 267 "Жас сақшы" сыныбы жұмыс істейді. Онда 5363 оқушы білім алуда. Ішкі істер министрлігі аталған сынып тәрбиеленушілерінің алдағы уақытта құқық қорғау органдарының қатарын толықтырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне өз үлесін қосатынына сенім білдіреді.