Жетісу облысында жауынгерлік қарудан атудан республикалық турнир басталды

Жетісу облысында жауынгерлік қарудан атудан республикалық турнир басталды

     Жетісу облысында Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлері арасында жауынгерлік қарудан атудан республикалық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген полицияның үздік мергендері кәсіби шеберліктерін, төзімділіктері мен жоғары атыс дайындығын көрсету үшін бір алаңға жиналды.

     Жарыс Ішкі істер министрлігінің спорттық іс-шаралар күнтізбелік жоспарына сәйкес 24-26 маусым аралығында өткізілуде. Үш күн бойы қатысушылар мергендік өнерден үздіктер қатарынан көріну үшін бақ сынап, дәлдікпен қатар жауапты жағдайда сабыр сақтай білу қабілеттерін де паш етеді.

     Турнирдің ашылу салтанатында Жетісу облысы полиция департаментінің басшылығы мен Ішкі істер министрлігінің өкілдері мұндай жарыстардың қызметкерлердің кәсіби даярлығын жетілдірудегі және қызметтік міндеттерді сапалы орындауға дайындығын арттырудағы маңызын ерекше атап өтті. Қатысушыларға әділ бәсеке, мықты жігер және жоғары нәтижелер тіледі.

     Жауынгерлік қарудан ату – полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығындағы маңызды бағыттардың бірі. Әрбір дәл тиген оқтың артында ұзақ дайындық, темірдей тәртіп, жоғары шоғырлану және үздіксіз еңбек жатыр. Сондықтан мұндай турнирлер спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар еліміздің әр өңірінен келген әріптестер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаң саналады.

     Жетісу жерінде өтіп жатқан республикалық турнир полицейлік спорттың үздік өкілдерін тағы бір мәрте тоғыстырды. Олар үшін мергендік – спорттық жетістік қана емес, қызметтік шеберліктің ажырамас бөлігі. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, лайықты марапаттарға ие болады.