
Жаз мезгілінің басталуымен бірге демалыс орындарына сұраныс артып, интернет арқылы коттедждер мен демалыс үйлерін жалға алу қызметін пайдаланушылар саны көбейіп келеді. Өкінішке қарай, осы жағдайды өз пайдасына пайдаланатын алаяқтар да белсенді әрекет етуде.
Абай облысы полиция департаменті азаматтарды интернет кеңістігінде жиілеп кеткен алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырады. Әсіресе әлеуметтік желілер мен түрлі хабарландыру сайттарында демалыс орындарын жалға беру туралы жалған ұсыныстар көбейген.
Көп жағдайда қаскөйлер келесі тәсілді қолданады:
- Әлеуметтік желілерде немесе хабарландыру платформаларында демалыс үйлерінің жалған жарнамасын орналастырады;
- Хабарласқан азаматтарға нысанның бос екенін айтып, тартымды фотосуреттер жібереді;
- Сенім ұялату үшін нақты мекенжайлар мен әдемі суреттерді пайдаланады. Алайда мұндай фотолар көбіне интернеттен алынған немесе басқа нысандарға тиесілі болуы мүмкін;
- Демалыс орнын брондау үшін алдын ала төлем жасауды талап етеді;
- Ақша аударылғаннан кейін түрлі сылтаулар айта бастайды: көлік бұзылғанын, жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын немесе техникалық ақаулар бар екенін хабарлайды;
- Кейін байланыс мүлдем үзіліп, төленген қаражат қайтарылмайды.
Абай облысы полиция департаменті азаматтарға келесі сақтық шараларын ұстануды ұсынады:
Алдын ала төлем жасауға асықпаңыз
Белгісіз адамдарға немесе күмән тудыратын есепшоттарға ақша аудармаңыз. Мүмкіндігінше ресми брондау платформалары мен сенімді агенттіктердің қызметін пайдаланыңыз.
Ақпараттың шынайылығын тексеріңіз
Демалыс орнының мекенжайын картографиялық сервистер арқылы тексеріп көріңіз. Егер көрсетілген мекенжай күмән тудырса немесе мүлде табылмаса, мұндай ұсыныстан бас тартқан жөн.
Фотосуреттерге мұқият болыңыз
Көптеген алаяқ интернеттен алынған суреттерді пайдаланады. Сондықтан фотосуреттерді арнайы іздеу жүйелері арқылы тексеруге болады.
Байланыс деректерін зерттеңіз
Егер жалға беруші тек бір ғана телефон нөмірін көрсетіп, ешқандай құжат немесе қосымша мәлімет ұсынбаса, бұл күмән тудыруы тиіс.
Тым арзан ұсыныстарға сенбеңіз
Нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен баға көбіне алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.
Есте сақтаңыз!
Алаяқтар адамдардың демалысты асыға күтетінін және алдын ала жоспар жасауға деген сенімін пайдаланады. Сондықтан асығыс шешім қабылдау қаржылық шығынға ұрындыруы мүмкін.
Абай облысы Полиция департаменті азаматтарды қырағылық танытуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және жеке қаражатының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады.
Демалысыңызды тек сенімді әрі тексерілген қызметтер арқылы жоспарлап, өз қауіпсіздігіңізге жауапкершілікпен қараңыз.