Ақмола облысында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан сақшыларға арналған ескерткіш тақта ашылды

Ақмола облысында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан сақшыларға арналған ескерткіш тақта ашылды

     Сандықтау ауданының Балкашино ауылында қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Тағылымды шара Қазақстан полициясы күніне орай ұйымдастырылып, азаматтардың қауіпсіздігі жолында жанын қиған тәртіп сақшыларының жарқын рухына арналды.

     Ескерткіштің ашылу рәсіміне полиция ардагерлері, қызметтегі тәртіп сақшылары, департамент басшылығы, сондай-ақ қаза тапқан қызметкерлердің туыстары мен жақындары қатысты.

     Полиция департаменті басшылығы атынан сөз сөйлеген департамент бастығының орынбасары Аслан Қызбикенов бұл ескерткіштің ашылуы – қызметтік борышын адал атқарып, ел тыныштығы үшін өмірін қиған қызметкерлерге көрсетілген құрметтің белгісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мемориал ішкі істер органдарындағы қызметтің жауапкершілігі мен маңызын кейінгі ұрпаққа дәріптейтін тағылымды орынға айналады.

     Ескерткішке Ақмола полициясының тарихында есімдері мәңгі сақталатын қызметкерлердің аты-жөндері қашалып жазылған.

     Солардың бірі – Балқаш аудандық ішкі істер бөлімінің әкімшілік практика инспекторы Владимир Шапарь. Ол 1989 жылдың шілде айында жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тауып, артында жұбайы мен үш баласы қалды.

     Мемориалда сондай-ақ Сандықтау аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторының жүргізуші-полицейі Болат Қозғанбаевтың есімі де жазылған. Ол 2001 жылғы 2 маусымға қараған түні көктемгі дала жұмыстары кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау барысында Максимовка ауылында қылмыскер оғынан қаза тапқан. Бүгінде оның жолын ұлы Әсет Болат жалғастырып келеді. Ол Көкшетау қаласының полиция басқармасында жедел уәкіл қызметін атқарады.

     Ескерткішті ашу құрметі Аслан Қызбикенов пен Болат Қозғанбаевтың жұбайы Құлжанат Қозғанбаеваға берілді.

     Салтанатты митинг барысында Сандықтау ауданының әкімі Серік Құдабай сөз сөйлеп, қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларының ерлігі мен адалдығын атап өтті.

     Өз кезегінде марқұмдардың туыстары – Болат Қозғанбаевтың жұбайы Құлжанат Өтегенқызы мен Владимир Шапарьдың әпкесі Лидия Карпенко департамент пен аудандық полиция бөлімінің басшылығына отбасыларға көрсеткен қолдауы және қаза болған қызметкерлердің жарқын есімдерін ұлықтап, олардың ерлігін ұмытпай келе жатқаны үшін алғыс білдірді.

     Салтанатты шара ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен аяқталды.