
Қазақстан полициясы күніне орай Алматы қаласында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерін еске алуға арналған тағзым рәсімі өтті.
Іс-шараға Алматы қаласы полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, Генералдар кеңесінің мүшелері, ішкі істер органдарының ардагерлері және қаза тапқан қызметкерлердің отбасы мүшелері қатысып, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында ерлікпен қаза болған әріптестерінің рухына құрмет көрсетті.
Жиналғандар марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алып, заң мен тәртіпті қорғау жолында жанын қиған полиция қызметкерлеріне арналған мемориалға гүл шоқтарын қойды.
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов бұл күннің мән-маңызы ерекше екенін атап өтті.
- Полиция күні – бұл тек кәсіби мереке ғана емес, сонымен қатар қызметтік борышын абыроймен атқарып, антқа адал болған әріптестеріміздің рухына тағзым ететін күн. Біз олардың жарқын бейнесін әрдайым жадымызда сақтаймыз. Ерлігі мен жанқиярлығы ішкі істер органдарының тарихында мәңгілік орын алады, – деді ол.
Сондай-ақ департамент басшысы қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына қамқорлық көрсету мен ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
- Заң үстемдігі мен ел қауіпсіздігі жолында жанын қиған әрбір әріптесіміздің есімін ұмытпау – біздің қасиетті парызымыз. Қаза болған қызметкерлердің отбасыларына қолдау білдіру, ардагерлерімізді құрметтеу және осы құндылықтарды жас буынның санасына сіңіру – қызметіміздің ажырамас бөлігі, – деп атап өтті Айдын Кабдулдинов.
Еске алу рәсімі ерекше құрмет пен тағзым рухында өтіп, Қазақстан полициясы күніне арналған іс-шаралардың маңызды әрі мазмұнды бөлігіне айналды. Қатысушылар ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшыларының есімі мен өнегелі жолы халық жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.