Қарағандыда полиция қызметкерлері кәсіби мерекеде марапатталды

Қарағандыда полиция қызметкерлері кәсіби мерекеде марапатталды

     Қарағанды облысы полиция департаментінде Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды.

     Іс-шара бірнеше буын өкілдерінің басын қосты: залда ішкі істер органдарының ардагерлері, қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлері және "Жас сақшы" бейіндік сыныптарының тәрбиеленушілері жиналды. Жеке құрам мен қонақтарға Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов құттықтау сөз сөйледі.

– Азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қмтамасыз ету жолындағы жанқиярлық еңбектеріңіз үшін әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен Отанға деген адалдықтарыңыз – құқық қорғау органдарына қоғам сенімін нығайтатын басты негіз, – деп атап өтті ведомство басшысы.

     Кездесуде қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына ерекше құрмет көрсетілді. Өңірлік ведомствоның бүкіл тарихында құқық тәртібін қорғау барысында 86 полиция қызметкері қаза тапқан. Олардың рухына тағзым етіліп, естеліктері құрметпен еске алынды.

     Кәсіби мереке қарсаңында қылмысқа қарсы күреске және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін 248 тәртіп сақшысы марапатталды. Салтанатты жағдайда жеті қызметкерге кезекті арнаулы атақтар берілсе, тағы 10 қызметкер төсбелгілермен марапатталды. Сондай-ақ үздік қызметкерлерге Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.

     Ресми бөлімнің қорытындысы ретінде мереке иелеріне арнап дайындалған әсерлі концерттік бағдарлама ұсынылды.