
26 мамыр мен 26 маусым аралығында өтіп жатқан нашақорлыққа қарсы айлық аясында Ақтау қаласында рейдтік және ақпараттық-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Іс-шараға Маңғыстау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының қызметкерлері, еріктілер және қоғам белсенділері қатысты.
Рейд барысында есірткі құралдарын жарнамалайтын және интернет-дүкендердің мекенжайлары көрсетілген заңсыз наркограффити жазбаларын анықтау және жою жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде тұрғын үйлердің қабырғалары мен қоғамдық орындардағы ондаған заңсыз жазбалар өшірілді.
Сонымен қатар қала тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, есірткінің зияны, оның заңсыз айналымы үшін көзделген жауапкершілік туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ақпараттық брошюралар таратылды.
Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында есірткінің таралуына жол бермеу, есірткі қылмыстарының алдын алу және қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Полиция азаматтарды есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар мен заңсыз жарнамалар туралы ақпаратты құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлауға шақырады.