Алакөлдегі қауіпсіз демалыс: Абай облысының туристік полициясы өңірдің басты курортын қалай күзетуде

Алакөлдегі қауіпсіз демалыс: Абай облысының туристік полициясы өңірдің басты курортын қалай күзетуде

     Мыңдаған турист Алакөл жағалауында демалып жатқан кезде олардың қауіпсіздігін тәулік бойы Абай облысы полиция департаментінің қызметкерлері қамтамасыз етеді. Жазғы маусымның қызған шағында олар демалушыларға алғашқы болып көмекке барып, шетелдік қонақтарға қолдау көрсетеді, жағажайлардағы қоғамдық тәртіпті қадағалап, түрлі оқиғалардың алдын алады.

     Бүгінде жағалаудағы қауіпсіздік тек полиция күштерімен ғана емес, заманауи технологиялардың көмегімен де қамтамасыз етілуде. Жедел патрульдеу үшін golf-car үлгісіндегі электромобильдер, квадроциклдер және электрсамокаттар пайдаланылады. Мұндай техника қызметкерлерге ұзын жағалау сызығы, халық көп жиналатын демалыс орындары мен серуендеу аймақтары бойынша жылдам қозғалуға мүмкіндік береді.

     Жағдайды цифрлық бақылауға ерекше көңіл бөлінген. Курорттық аймақта бет-әлпетті тану жүйесімен және қуатты оптикамен жабдықталған заманауи бейнебақылау камералары жұмыс істейді. Кейбір кешендер су айдыны мен жағалаудың шалғай бөліктерін бақылауға мүмкіндік береді. Соның арқасында полицейлер ахуалды нақты уақыт режимінде бақылап, кез келген оқиғаға жедел әрекет етеді.

     Туристік полиция қызметкерлері ағылшын, қытай, неміс және орыс тілдерін меңгерген. Бұл шетелдік туристермен тиімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Полицейлер қонақтарға бағыт-бағдар беріп, қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес береді және тосын жағдайларда қажетті көмек көрсетеді.

     Көптеген шетелдік турист қазақстандық полицейлердің ашықтығы мен мейірімділігін ерекше атап өтеді. Өзге елдерден келген қонақтар полиция қызметкерлерімен естелікке суретке түсіп, қызмет ерекшеліктерімен танысып, Қазақстан полициясының жұмысына қызығушылық танытады.

     Дегенмен басты басымдық – судағы қауіпсіздік. Полицейлер күн сайын профилактикалық жұмыстар жүргізіп, жағажайларда алкогольдік ішімдіктерді тұтыну фактілерінің жолын кеседі.

— Су — бейқамдықты кешірмейді. Су айдындарындағы қайғылы жағдайлардың басым бөлігі алкоголь тұтынумен байланысты. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу – ең алдымен адам өмірін сақтау, – дейді туристік полиция қызметкерлері.

     Полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып, демалушылардың қауіпсіздігін тәулік бойы қамтамасыз етуде.

     Туристік маусым басталғалы бері полиция қызметкерлері адасып кеткен 10 баланы тауып, олардың барлығын ата-аналарына аман-есен тапсырды.

     Кешенді жұмыстың нәтижесі көзге бірден байқалады: туристер алаңсыз демалып, өздерін қауіпсіз сезінеді, ал жағалаудағы құқық бұзушылықтар мен түрлі оқиғалардың саны барынша аз деңгейде. Заманауи технологиялар, мобильді патрульдер және полицияның тұрақты қызметі Алакөлде Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден келген ондаған мың қонақ үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

     Көпшілік үшін Алакөл – демалыс, күн сәулесі мен көл жағасындағы тынығу мекені. Ал полиция қызметкерлері үшін бұл – өз демалысын сеніп тапсырған адамдардың қауіпсіздігі үшін күн сайынғы жауапкершілік.