
Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері ұстаған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Есірткі қылмысымен айналысқан топтың заңсыз әрекеті өткен жылдың мамыр айында тоқтатылған.
Жедел іс-шаралар барысында көлік полицейлері бірнеше адамның Астана, Қарағанды және Шымкент қалаларында есірткі саудасын ұйымдастырмақ болғанын анықтады. Полиция қызметкерлерінің жедел жұмысының нәтижесінде олардың қылмыстық жоспары жүзеге аспады.
Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 6 адам ұсталды. Олардың арасында шетел азаматтары да бар.
Тергеу барысында топ мүшелерінің әрқайсысына белгілі бір міндет жүктелгені анықталды. Бірі курьер болса, енді бірі бүкіл жұмысты үйлестіріп отырған. Ірі көлемдегі есірткі арнайы жасырын орын ретінде жабдықталған гараждарда сақталған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде жиналған дәлелдер олардың ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында әрекет еткенін растады. Тінту кезінде автокөлік дөңгелектерінің ішіне жасырылған және сатуға дайындалған ірі көлемдегі есірткі тәркіленді. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 105 келіден астам есірткі алынды. Бұл аса ірі көлемге жатады.
Аталған дерек бойынша көлік полицейлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізді. Тергеу барысында анықталғандай, елден тыс жерде әрекет еткен куратордың жеке басын анықтау және оны жауапқа тарту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық мүшесі кінәлі деп танылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.