Маңғыстауда құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Маңғыстауда құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

     Маңғыстауда құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері қоғам өкілдерімен бірлесіп талқыланды.

     Маңғыстау облысы полиция департаментінің профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының ұйымдастыруымен құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жетілдіру және “Құқық бұзушылық профилактикасы туралы” Қазақстан Республикасы Заңының нормаларын тиімді іске асыру мәселелеріне арналған кеңейтілген дөңгелек үстел өтті.

     Іс-шараға прокуратура органдарының қызметкерлері, облыстық денсаулық сақтау, білім, спорт және туризм басқармаларының өкілдері, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласының мамандары, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, қоғам белсенділері мен блогерлер қатысты.

     Жиын барысында құқық бұзушылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені ерекше атап өтілді. Қатысушылар жастар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру, халықпен кері байланысты күшейту және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін талқылады.

     Сонымен қатар “Құқық бұзушылық профилактикасы туралы” Заң талаптарын іс жүзінде тиімді қолдану, профилактикалық жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыру және қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы ұсыныстар қаралды.

     Дөңгелек үстел аясында Маңғыстау облысы полиция департаменті мен қоғам өкілдері арасында құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде ортақ келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, қоғам белсендісі Гүлдана Ұлықпан мен бокстан әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов полиция бастамаларын қолдап, бірлескен профилактикалық жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.

     Алдағы уақытта тараптар жастармен кездесулер өткізу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, әлеуметтік желілер арқылы құқықтық мәдениетті насихаттау, салауатты өмір салтын дәріптеу және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша бірлесіп жұмыс жүргізетін болады.

     Полицияның мәліметінше, қоғам белсенділері мен танымал тұлғалардың қатысуы профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттырып қана қоймай, халық пен полиция арасындағы өзара сенім деңгейін нығайтуға да оң әсер етеді.

     Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады.