
Ақтөбедегі Фариза Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясында мектеп бітірушілерге аттестат тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Биыл "Жас сақшы" бейіндік сыныбын 11-сыныптың 16 оқушысы тәмамдады.
Іс-шара барысында Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев түлектерге "Жас сақшы" сыныбын сәтті аяқтағаны туралы сертификаттарды табыстап, оларды өмірлеріндегі маңызды белеспен құттықтады.
Облыстың бас полицейі өз сөзінде "Жас сақшы" сыныбында білім алу жастардың бойында патриотизмді, азаматтық жауапкершілікті, тәртіпті және заңға құрметті қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол түлектерге алға қойған мақсаттарына нық қадам басып, білім мен кәсіби қызметте табысқа жетулеріне, елінің лайықты азаматы болып қалыптасып, қоғам игілігі жолында еңбек етулеріне тілектестік білдірді.
Түлектердің атынан Ералы Азамат сөз сөйледі.
– "Жас сақшы" қатарында жүріп, біз Отанды сүюді, тәртіп пен жауапкершілікті, достық пен адалдықты бағалауды үйрендік. Бұл жылдар бізді шыңдап, болашаққа сеніммен қарауға баулыды. "Жас сақшы" сыныбының оқушысы ретінде тәртіп пен патриотизмді басты құндылық санап, өзге оқушыларға үлгі болуға тырыстық. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш әрі өмірлік ұстанымға айналды, – деді түлек.
"Жас сақшы" жобасы жастарға патриоттық тәрбие беру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және полиция қызметінің беделін арттыру мақсатында жүзеге асырылуда. Оқу жылдары ішінде оқушылар жалпы білім беру бағдарламасын меңгеріп қана қоймай, қоғамдық, спорттық және әскери-патриоттық іс-шараларға белсенді қатысып келеді.
Салтанатты рәсім естелік суретке түсумен аяқталды. Іс-шара барысында түлектерге жаңа өмір жолында сәттілік пен толағай табыс тілеген ақжарма лебіздер айтылды.