
Мемлекет басшысының тапсырмаларын, сондай-ақ мемлекеттік есірткіге қарсы саясатты іске асыру және өңірлердегі профилактикалық жұмысты кеңейту аясында 11-13 маусым күндері Қонаев қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің көшпелі іс-шарасы өткізілді.
Жиынға ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов пен ІІМ Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов, сондай-ақ Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі республикалық кеңестің өкілдері қатысты.
Негізгі іс-шаралардың бірі облыс әкімдігі ғимаратында өңір әкімінің орынбасарының төрағалығымен өткен кеңес болды. Оған мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, үкіметтік емес ұйымдардың және жұртшылықтың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында алдағы жұмыстың басым бағыттары айқындалды. Атап айтқанда, интернет арқылы жасалатын есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимылды күшейту, өңірлік штабтар мен профилактика кеңестерінің қызметінің тиімділігін арттыру, жастар арасында есірткіге қарсы жұмысты дамыту, бірлескен профилактикалық іс-шараларды өткізу, сондай-ақ мемлекеттік есірткіге қарсы саясатты іске асыруға азаматтық қоғам институттарын белсенді тарту мәселелері талқыланды.
Өңірдегі есірткі ахуалын тұрақтандыруға және қоғамда есірткіге төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған міндеттерді жергілікті атқарушы органдардың, полиция бөлімшелерінің және қоғамдық бірлестіктердің орындауына ерекше назар аударылды.
Аталған жұмыс сапары ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ІІМ-нің жүйелі жұмысының жалғасы болды. Бұған дейін осындай іс-шаралар Көкшетауда өткен.
Мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіру, есірткі қатеріне қарсы іс-қимылды күшейту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұндай көшпелі кездесулер еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады.