
Семей қаласының полициясына медициналық колледж студенті алаяқтық фактісі бойынша арызданды.
Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз адам әлеуметтік желі арқылы оған белгілі әншінің концертіне билет сататынын айтып, сеніміне кіріп, 10 мың теңге көлеміндегі ақшасын иемденген.
Студент көрсетілген соманы банк қосымшасы арқылы аударған. Алайда билетке қол жеткізе алмаған соң полицияға жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ол – Семей қаласының 20 жастағы тұрғыны. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды өтеді.
Оқиға орны бойынша хаттама рәсімделіп, дәлел ретінде хат алмасулардың скриншоттары мен ақша аударымын растайтын түбіртек тәркіленді.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің алаяқтыққа қатысты бабы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктіге қатысты келу міндеттемесі түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Полиция азаматтарға әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы билет сатып алу кезінде сақ болуға кеңес береді. Билеттерді тек ресми сервистер мен сенімді платформалар арқылы сатып алып, мәміленің шынайылығына көз жеткізбей тұрып, бейтаныс адамдарға ақша аудармау қажет.
Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.