
Бүгін полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар басқармасының өкілдерімен бірлесіп, облыс аумағындағы су айдындарында профилактикалық рейдтер өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты — судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу және жазғы демалыс кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жазғы маусымда су айдындары тұрғындар жаппай демалатын орынға айналатындықтан, халық арасында түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде.
Полицейлер мен құтқарушылар қайықтармен су айдындарының жағалаулары мен акваториясын шолып, демалушылармен алдын алу әңгімелерін жүргізді. Олар азаматтарға судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтау қажеттігін еске салды.
Рейд барысында тұрғындарға су маңында қауіпсіз жүріп-тұру бойынша ұсыныстар жазылған ақпараттық буклеттер таратылды. Әсіресе, балаларды қараусыз қалдырмау, құтқару кеудешелерін пайдалану және рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға тыйым салынатыны туралы мәселелерге баса назар аударылды.
Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар өңір тұрғындары мен қонақтарын жеке қауіпсіздік шараларына жауапкершілікпен қарауға және балаларды назардан тыс қалдырмауға шақырады.